ШҚО-да резеңке баллонмен сырғанаған тағы екі адамды көлік қақты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының іргесіндегі Шешек асуында резеңке баллонға отырып, таудан сырғанаған екі бойжеткен ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

11 қаңтар күні сағат 17.10 шамасында резеңке баллонмен таудан сырғанаған 24 жастағы облыс орталығының екі тұрғыны жүріп келе жатқан «Nissan» көлігіне соғылған. Түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған олар №1 қалалық ауруханаға жеткізілді.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша тергеу амалдары басталды», – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да көліктің артына байланған резеңке баллонға мінгескен екі жігіт мерт болған еді.

Талғатжан Мұхаметбекұлы