ШҚО-да санитарлық ережелерді бұзған 695 адамға айыппұл салынды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қазан айынан бастап санитарлық ережелерді бұзған 695 адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, қазан айының басынан бері облыс аумағында мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілген.

«Cанитарлық нормалардың сақталуын бақылау үшін өңірдегі 19 қала мен ауданда 46 мониторингтік топ құрылған. Олардың құрамына тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларының мамандары, жергілікті атқарушы орган өкілдері және полиция қызметкерлері кірді. 1 қазан мен 8 қараша аралығында Шығыс Қазақстанда 1794 рейд жүргізіліп, 5 мыңға жуық нысан қамтылған», - делінген хабарламада.

Санитарлық ереже талаптарын бұзушыларға қатысты жалпы сомасы 75,3 млн теңгеге 695 айыппұл салынған. Мониторингтік топтардың жұмысы жалғасуда.