ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір аумағында сәуір айында өрт қаупі жоғары кезең басталды. Сол уақыттан бері 30-дан астам дала өрті тіркелген.
«Өрт қаупі жоғары кезеңде орман және дала өрттерінің алдын алу үшін іс-шаралар жоспары бекітіліп, бірлескен рейдтер жүргізу үшін азаматтық қорғау қызметкерлері қатарынан мобильді топтар құрылды. «Geosat» ЖШС арқылы ғарыштан мониторинг жүргізіліп, құтқарушылар жалын шыққан жерлерге бірден жол тартуда. Өрт көбінесе ашық аумақта және саяжайларда шығып жатыр», - делінген ақпаратта.
Орман өрттерін дер кезінде ауыздықтауға баса мән берілген. Бүгінгі таңда облыста жергілікті атқарушы органдар қарамағындағы орман шаруашылықтарының 70 пайызы өртке қарсы техникамен және жабдықтармен жасақталған.
Осы ретте, ШҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғандарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынатындығын ескертеді.