ШҚО Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері міндетін атқарушының жаңа қаулысы жарияланды. Онда сайлау комиссиясы мүшелерінің 72 сағаттық үй карантиніне оқшауланғаны жазылған.
«Сайлау комиссиясының мүшелері 3 күн өткеннен кейін ПТР әдісімен COVID-19-ға сынама тапсыруы тиіс. Оң нәтиже болған жағдайда жұмыстан шеттетіледі. Бұл ретте, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы 72 сағат ішінде үй карантиніндегі сайлау комиссияларының мүшелерін медициналық бақылауды қамтамасыз етуі қажет», - делінген қаулыда.
Сонымен қатар қала және аудан әкімдіктері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының сайлауы өткізілген объектілерде дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуге міндетті.