Бүгін Өскемен қаласында «Алғаш дауыс беретін жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру» атты семинар өтті.
Шараны ұйымдастырушылар – қалалық жастар ресурстық орталығы, «Ұлағат» жастар қоғамдық бірлестігі, ШҚО Азаматтық Альянсы және «Сайлауды партиялық емес байқау» орталығының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы.
Семинарда тренер ретінде «ШҚО Талдау және болжау институты» ЖШС атқарушы директоры Аяужан Әшімова мен «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Руфит Ахмедзянов сөз сөйледі.
- Жастардың құқықтық сауатын арттырып, құқықтық мәдениетін қалыптастыру – өте маңызды мәселе деп білемін. Бүгінгі семинарда алғаш рет дауыс беретін жастармен әрбір азаматтың беретін дауысының маңыздылығы туралы айттық. Ойлағанымыздай, жастардың көкейінде жүрген сұрақ көп болды, бәріне жауап беруге тырыстық. Себебі, отбасыларда балалармен бұл тақырыпта ата-анасы сөйлеспеуі мүмкін, бірақ өскелең ұрпақ жергілікті деңгейде шешім қабылдауға қоғамдық тұрғыда қатысудан бастап, саяси науқандарда өз ойын білдірудің маңызы туралы ойланып, осы процесске қатысуы керек. Қоғамдық ұйымдардың бұл бағыттағы жұмысының маңызы зор. Себебі, сайлау үдерісін 20 жылға жуық уақыт бақылап, қатысып жүрген маман ретінде айтарымыз бар, сөзіміз дәйекті, - дейді Аяужан Әшімова.