ШҚО-да шаруа қожалығынан өрт шықты
17:30, 31 Қазан 2020
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданындағы шаруа қожалығында өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 30 қазанда сағат 21:00 шамасында Андроновка ауылында орналасқан шаруа қожалығындағы мал қорасының шатырын жалын шарпыған.
«Лезде тарай бастаған тілсіз жауды сөндіруге 5 өрт сөндіруші, шаруа қожалығының 10 жұмысшысы, 1 автоцистерна мен трактор жұмылдырылды. 480 шаршы метр аумаққа жайылған өрт сағат 23.50-де сөндірілген. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, ТЖД шаруа қожалықтарының басшыларына өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтау қажеттігін еске салады.