23 қаңтар күні Сахнавка ауылындағы жергілікті шаруа қожалығының асханасынан өрт шықты. Өрт сөндірушілер 40 шақырым қашықтықтан жетті. Олар келгенше ғимарат толығымен отқа оранып, қазандық қана аман тұрған болатын. Өрт сөндірушілер тобының жетекшісі қазандықты аман алып қалу үшін команданы екіге бөліп, бірін өртеніп жатқан ғимаратты, екінші топты өрт тимеген нысанды қорғауға тапсырма берді.
Қатты аяз, оның үстіне ауылда су көзінің аздығына байланысты бірқатар қиындықтар туындаған. Осыған қарамастан өрт сөндірушілер мақсаттарына жетті. Ешкім зардап шеккен жоқ.
Өрттің жалпы аумағы 225 шаршы метрді құрады. Тілсіз жауды тоқтату жұмыстарына 8 адам мен 1 техника бірлігі қатысты. Өрттің шығу себептері анықталу үстінде.