ШҚО-да шаруа қожалығындағы өрт 8 сағаттың ішінде сөндірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше ШҚО Жарма ауданындағы шаруа қожалығы аумағында өрт шығып, тілсіз жау 50 тонна шөп пен 45 гектар құрғақ шөпті шарпыды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА облыстағы ТЖ департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 «Жалын құрғақ шөп арқылы тарап, өрт шабындықтар мен дайындалған шөп бумаларын жойды. Тұрғын үйлерге қарау соққан қатты жел де жағдайды ушықтырып жіберді», - делінген хабарламада. 

 Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер мен әскери  қызметкерлер өртті ауыздықтап, оттың тұрғын үйлерге жетуіне жол бермеді. Тілсіз жаумен күрес сегіз сағатқа созылды, шөптің жартысы сақталып қалды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен кінәлілер, келтірілген шығын есебі анықталып жатыр.