ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті ШҚО аумақтық инспекциясының мәліметінше, химиялық өңдеу жұмыстары зиянкестердің саны экономикалық зияндылық шегінен асқан облыстың алты ауданында жүргізілді.
— Жоспарланған барлық іс-шара толық көлемде және белгіленген мерзімде орындалды. Өңдеу жұмыстарының нәтижесінде қолданылған препараттардың биологиялық тиімділігі 95 пайызға жетіп, шегірткенің жаппай таралуын тиімді тежеуге мүмкіндік берді, — делінген ақпаратта.
Зиянкестерге қарсы күресте арнайы техниканың бірнеше түрі қолданылды. Егіс алқаптарының бір бөлігі жерүсті желдеткіш бүріккіштермен өңделсе, жетуі қиын аумақтарда аса жеңіл авиация, агродрондар және аэрозольді генераторлар пайдаланылды.
Инспекцияның хабарлауынша, келісімшартта көзделген барлық арнайы техника уақтылы жұмылдырылды. Соның нәтижесінде өңдеу жұмыстары белгіленген мерзімде толық аяқталып, ауыл шаруашылығы алқаптары зиянкестердің жаппай таралуынан қорғалды.
Еске салсақ, осыған дейін Маңғыстауда шегірткеге қарсы күрес жұмыстары күшейтілгені хабарланған.