«Тұрмысымыз жүдеп барады»
Бүгінде ауыл тұрғындары айтарлықтай азайып қалған. Қазір онда 90 адам ғана тұрып жатыр. Жазаба ауылы Ресеймен шекаралас. Елді мекен тұрғындары бұрын маңайда марал жайылып, халық жұмыс істеп, қайнаған тірлік болғанын айтады. Олар ауыл өркениеттен қалып, күн өткен сайын тұрмыстары қиындап бара жатқанын жеткізді.
— Бұрын үлкен мектеп те, дүкен де болған. Балаларымызды аман-есен өсірдік. Ал қазір заман көшінен қалып барамыз. Ауруы асқынған адамдарға қыста ауылға жедел жәрдем көлігі жете алмайды, — деді Қырмызы Қырықбаева.
Халық дәрігердің жоқтығын, ауызсуды өзеннен тасып ішіп отырғандарын айтты.
— Аудан әкімі келіп есіп беріп кетті. Енді кабинетінде отыр. Ал ауылда өмір сүретін біз. Неге шағымдарымызға құлақ түрмейді? — деп наразылығын білдірді зейнеткерлердің бірі.
Катонқарағай осыдан бірнеше жыл бұрын жеке аудан болып қайта құрылған. Тұрғындардың көбі сол кезде ауылдардың екінші тынысы ашылып, жұмыс орны көбейіп, ғаламтор тартылады деп сенгендіктерін алға тартты. Бірнеше жыл бұрын Жазаба ауылынан көшіп кеткен Айнаш Нұрланова (аты-жөні өзгертіліп берілді) біреу-міреу сырқаттанып қалса, көршілес Ақсу ауылына барып қаралатындарын айтты.
— Жергілікті биліктен көмек сұрап, бейнеүндеу жариялаған соң әкімдіктен келіп, жолға қиыршық тас төкті. Бірақ бірнеше көлік сол тастарға дөңгелегін жарып алды. Интернет сол күйі қосылмады. Суды баяғыдай, бұлақтан тасып әкеліп ішеміз. Өзім әр жазда ауылыма келіп тұрамын, — деді ол.
Амбулатория неге жұмыс істемейді?
Катонқарағай ауданы әкімдігінің мәліметінше, республикалық тасжолдан бұрылыс жасап, Жазабаны бетке алғандағы жолдың жалпы ұзындығы 68 шақырым. Бұл жолды асфальттау жоспарда жоқ.
— Жалпы ауылдағы жол жөндеу жұмыстары «Шығыс-Жол» мекемесімен келісімшарт жасалған. Мекеме қиыршықтас төсеп, тегістеу жұмыстарын жүргізді. Жазаба ауылы Аксу ауылдық дәрігерлік амбулаториясына қарасты. Ауылда жабдықталған медицина бөлімшесінің үйі бар. Алайда онда тұрақты жұмыс істейтін жеке фельдшер маман болмай тұр. Соған байланысты елді мекен тұрғындарына Ақсу ауылы дәрігерлік амбулаториясының дәрігері мен медбикесі медициналық көмек көрсетіп, денсаулық жағдайларын бақылап отырады, — делінген әкімдіктің ресми жауабында.
Аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Гүлнара Жақсылықованың айтуынша, медицина фельдшері маманын әкеліп орналастыру үшін аудандық аурухана әкімшілігі Өскемен мен Алтай қалаларындағы медицина колледждеріне барып, студенттермен кездесулер өткізіп отырады. Аудандық бос орындар жәрмеңкесіне шығып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етіп келеді.
Әкімдік ақпаратынша, ауылда блоктік-модульдік станция жұмыс істеп тұр. Ол 2019 жылы орнатылған.
— Ауыл тұрғындары сол жерден су алып отыр. Мектепке де осы БМС-тан су тартылған. Алдағы уақытта ауылға орталықтандырылған су жүйесін тарту жоспарда бар. Бұл жоба ауданның үш жылдық бюджетіне енгізілген. Сондай-ақ Жазаба ауылына мобильдік байланыс орнату жұмыстары қолға алынды. Қазір «Аврора» мердігер ұйымы электр желісіне қосылу үшін қажетті техникалық шарттарды алуға өтінім берген. Техникалық құжаттарды алған соң «Билайн» операторы өз құрылғыларын орнатып, мобильдік желіге қосатын болады, — дейді жергілікті билік өкілдері.
Ал ауыл жұрты нақты әрекеттер қолға алынып, нәтиже көзге көрінбей сенбейтіндерін алға тартып отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Катонқарағайда пайдаланылмаған жер учаскелері мемлекет меншігіне өткені хабарланған.