ШҚО-да шекаралық ауданды дамыту үшін биыл 50-ден астам шара жүзеге асады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Ел шекарасында орналасқан Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданын дамыту үшін биыл 50-ден астам шара іске асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы аудан әкімі Дулат Қажанов «Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде Зайсан ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтты.

«Облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасымен шекаралық ауданды кешенді дамытудың арнайы бағдарламасы қабылданған. 5 жылдың ішінде барлығы 19,5 млрд теңге бөлінеді деп көзделіп отыр. Оның ішінде 2021-2022 жылдары 6,9 млрд теңгеге жұмыстар атқарылды. Жалпы осы жылы 3,7 млрд теңгеге 52 шара өз мәресіне жетпек. Бүгінгі таңда 22-сі аяқталып, 30-ы орындалу сатысында», - деді ол.

Бағдарлама аясында жеке тұрғын үйлерге арналған электр, газ, су жүйелері инфрақұрылымдарын салу, 300 орындық мектеп құрылысы, су желілерін жөндеу жұмыстары, ауылдарды абаттандыру, 5 білім, 1 денсаулық сақтау, 1 мәдениет саласындағы ғимаратты күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылып жатыр.

Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Кеңсай, Бақасу, Жарсу, Қаратал, Үлкен Қаратал және Көгедай ауылдарының көшелері жөндеуден өтті.

Бұл мақсатта 350 млн теңге бөлінген.

«Халықтың баспана мәселесін шешу жұмыстары жалғасуда. Биыл 9812 шаршы метр тұрғын пайдалануға беріледі. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы шеңберінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін екіпәтерлі 35 үйдің құрылысын жүргізу үшін жеке инвесторлармен келісімшарт жасастық. Қазір оларға тиісті жер телімдері берілді», - дейді Дулат Қажанов.