ШҚО Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері міндетін атқарушының жаңа қаулысы жарияланды. Онда өңірдегі карантиндік шектеулер 18 қаңтарға дейін қайта созылатындығы көрсетілген. Шектеу шараларының мерзімі облыс аумағында COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін.
«2021 жылдың 6 қаңтарынан бастап облыс аумағында жолаушылар тасымалдайтын автобустар мен шағын автобустар қайта қатынай бастайды. Сондай-ақ 2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап 300 оқушысы бар қалалық және ауылдық мектептерде дәстүрлі форматта білім беруге рұқсат етіледі. Әр сыныпта 15 оқушыдан аспау керек», - делінген құжатта.
Жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5 сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін кезекші сыныптар оқиды. Ал 9, 11 (12) сыныптар аптаның 6 күнінде пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ын қашықтан оқиды.
Бұдан бөлек, қаулыда екінші семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының I курс студенттері штаттық режимде оқитындығы жазылған.