ШҚО-да шетелдегі жоғары оқу орындарына кететін мектеп түлектерінің саны 6 есе азайды

Шығыс Қазақстан облысында мектеп түлектерінің таяу шетелдегі жоғары оқу орындарына кетуі алты есе азайып отыр, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: pixabay.com

ШҚО Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде 2017 жылдан бастап мектеп пен колледж түлектерінің шетелдік жоғары оқу орындарына кетуін азайту үшін «Білікті маман» жобасы іске асырылып жатыр.

«Соның шеңберінде жеті жыл ішінде жергілікті бюджет қаражатына облыс әкімінің 2576 гранты берілді. Шығыс Қазақстандағы еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, медицина, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, құрылыс, ветеринария және ауыл шаруашылығы салалары бойынша гранттар бөлінген», - дейді басқарма басшысы Инесса Чернышева.

2021-2022 жылдары жоба бойынша 569 студент білім алса, оның 438-і жұмысқа орналастырылды (77%). 2023 жылғы түлектер саны – 288. Оның ішінде 224 адам, яғни 77,8%-ы тұрақты жұмысқа тұрған.

«2016 жылы 1800 мектеп түлегі таяудағы шет мемлекеттерде оқуға түскен. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 270 адам болып отыр. Осылайша, өңір мектептері түлектерінің таяу шетелдегі жоғары оқу орындарына кетуі алты есе азайды», - дейді басқарма басшысы.