ШҚО-да шетелден көлік алмақ болған ер адам алаяққа 2 млн теңге берген
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында шетелден арзанға көлік алмақ болған ер адам алаяққа алданып, 2 млн теңге шығынға батты.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ер адамды әңгімеге тартқан бейтаныс біреу көлікті көрші елден нарық бағасынан әлдеқайда арзанға сатып алып бере алатынын айтқан. Бұған сенген азамат сұраған ақшаны бере салған.
«Осылайша, қулығын іске асырған алаяқ мүлде хабарсыз кетті. Ал алданып қалғанын түсінген жәбірленуші полицияға хабарласып, көмек сұраған. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні анықтады. Ол Өскемен қаласының 26 жастағы тұрғыны болып шықты», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Қазіргі уақытта «Алаяқтық» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полицейлер ер адамның осындай басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде есірткі зертханасы анықталып, 41 жастағы тұрғын қамауға алынғаны хабарланған.