ШҚО-да шілде айында аптап ыстық +35 градусқа дейін жетеді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Синоптиктер Шығыс Қазақстан облысында шілде айында ауа райы қандай болатынын болжады.

Фото: Қызылорда өңірлік коммуникация қызметі

«Қазгидромед» РМК мәліметіне сүйенсек, айлық орташа ауа температурасы климаттық нормаға жақын болады.

— Айдың басы бірқалыпты жылы болмақ. Шілденің алғашқы онкүндігінде түнгі температура 7… 12 градустан 15… 20 градусқа дейін, күндіз 19… 24 градустан 27… 32 градусқа дейін көтеріледі. Онкүндіктің екінші жартысында ауа райы сәл салқындауы мүмкін, — делінген ақпаратта.

Екінші онкүндікте ауа температурасы құбылмалы болады. Түнде 10… 20 градус, күндіз 22… 32 градус аралығында сақталады.

— Ең ыстық күндер айдың үшінші онкүндігінде күтіледі. Шілде айының соңына қарай ауа температурасы 30… 35 градусқа дейін көтерілуі ықтимал. Алайда айдың соңғы күндерінде күндізгі температура 24… 29 градусқа, түнде 12… 17 градусқа дейін төмендейді, — делінген хабарламада.

Шілде айында жауын-шашын мөлшері климаттық норма шегінде болады деп болжанып отыр. Ай бойы өңірде өткінші жаңбыр мен найзағай жиі байқалады.

Сондай-ақ синоптиктер секундына 15-20 метрге дейін жететін қатты жел болуы мүмкін екенін ескертті. 

Еске салсақ, бүгін екі мегаполисте ауа сапасы нашарлайтындығы хабарланған.