ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өзен-көл жағалауларын бақылауда. Түрлі оқиғаларда олар жедел әрекет етеді және зардап шеккен адамдарға алғашқы көмек көрсетеді. Биылғы шомылу маусымы басталғалы бері 6 адам құтқарылған.
«Патрульдеу барысында катермен, қайықпен бірнеше шақырым жүзіп өтеміз. Кейде бір күнде 35 градусқа дейінгі температурада 10 сағат жұмыс істеуге тура келеді. Бақылаудың жиілігін келушілердің санына байланысты да өзгертеміз. Демалыс күндері, ыстық ауа райында жұмысты күшейтеміз», - дейді құтқарушы Серікбай Мақатов.
Жағажай – қоғамдық орын. Мұнда алкогольді ішімдік ішуге тыйым салынады. Департамент қызметкерлері полицейлермен бірлесіп рейд жүргізу кезінде 371 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Ата-анасының қарауынсыз демалатын 14 жасқа дейінгі балаларға назардан тыс қалмайды. Егер құтқарушылар жағажайда ересектерсіз жүрген балаларды көрсе, полицияға хабарлауға және ата-аналарын шақыруға құқылы. Қараусыз бала қауіпті жағдайға тап болуы мүмкін. Жыл басынан бері облыстың су айдындарында 1 бала батып кетті», - деп хабарлады ведомство өкілдері.