ШҚО-да шомылуға болатын 14 учаске белгіленді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биылғы жазда шомылуға болатын 14 учаске белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар шомылу маусымының таяп қалуына байланысты табиғи және жасанды су қоймаларының түбін тексеріп, тиісті дайындық жұмыстарын бастап кетті.

«Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, өңір аумағында шомылуға болатын 14 учаске белгіленді. Оның екеуі Өскеменде орналасқан. Атап айтқанда, Сол жағалау кешені мен Октябрь кентінің жанындағы Самал жағажайы. Осы жылы департаментке аталған жағажайлардың су түбіне тексеру жүргізуге өтініш түсті. Бұл жұмыстар 27 мамырға дейін созылады», - дейді департамент басшысының орынбасары Серік Амангелдин.

Сондай-ақ, жазда демалыс орындарындағы қауіпсіздікті күшейту үшін ерікті құтқарушыларды оқыту жүргізіледі.

Шығыс Қазақстандағы су айдындарының 78 учаскесі демалушылардың суға түсуіне жарамсыз деп танылған. Сол жерлерде шомылған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.