ШҚО-да шығатын «Дидар» газеті 85 жылдығын атап өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің облыстық «Дидар» газетінің ұжымын басылымның мерейтойымен құттықтады.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңалықтардың жаршысы болған аймақтағы аға басылым - «Дидар» газеті биыл 85 жасқа толып отыр. 1931 жылдың 24 қазанында Кенді Алтайдың етегіндегі кеншілер шаһары - Риддерде «Жұмысшы» деген атпен өмірге келген газет осы уақыт ширегінде өз оқырмандарымен бірге талай белестерден өткен. 

«Кешегі алмағайып заманда «Қазақ активін» ұйымдастырушылардың бірі болған, ұлт мүддесі үшін басын бәйгеге тіккен ұлтжанды редактор Мақсұт Тайшыбаевтың ең бірінші болып басылым тізгінін қолына алуы газеттің бүгінгі ұстанымы мен бағыт-бағдарын сол кезде-ақ айқындап берген секілді. Одан бергі кезеңдерде «Социалистік Алтай», «Алтай большевигі», «Коммунизм туы» деген атпен жарияланып, Тәуелсіздік таңы атар шақта шығыстың «Дидарына» айналған басылым ана тіліміздің өрісін кеңейтуде өзіндік үлесін қосып, руханияты мен мәдениетінің, тарихы мен әдебиетінің жоғын жоқтауда, кем-кетігін түгендеуде әуелгі бағытынан айныған емес», делінген әкімнің құттықтауында.

Егемендікпен еркін тыныстаған қазіргі шақта да «Дидардың» бетінде ұлтымыздың биік мұрат-мақсаттарымен қатар, жас мемлекетіміздің экономикалық жаңаруы мен әлеуметтік жаңғыруы, зайырлы һәм демократиялық қоғамдағы оң өзгерістер ұдайы жарық көруде.

85 жылдық тарихында өңір журналистикасының ұстаханасына айналған басылымнан белгілі академик Шериаздан Елеукенов, ғылым докторы Жұмағали Ысмағұлов, сондай-ақ, қарасөздің хас шеберлері Оралхан Бөкей, Ұлықбек Есдәулетов, Дидахмет Әшімханов, Мүсілім Құмарбеков, Кеңес Юсупов сынды көптеген қаламгерлер қанатын қатайтқан.

Облыстық газет республикалық байқауларда жеңімпаз атанған кездері аз емес. 2006 жылы Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын Жұлдызын» иеленсе, 2007 жылы Президент Грантына қол жеткізген.