ШҚО-да «Шығыс-адалдық алаңы» жобасын іске асыру барысы талқыланды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Бүгін ШҚО-да облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен жиында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері мен «Шығыс-адалдық алаңы» жобасын іске асыру барысы талқыланды. Бұл туралы ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Шараға ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Ерлан Жалмағамбет, «Шығыс-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Маржан Бақыт, қалалар мен аудандардың әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары қатысты.

– Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстың кең ауқымын ерекше атап өтті. Шығыс Қазақстан мемлекет басшысының жолдауы аясында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында белгіленген мемлекеттік органдарды трансформациялау және халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшу жұмысын алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды, – деді Ерлан Жалмағамбет.

«Шығыс – адалдық алаңы» жобасы аясында өңірдегі барлық қала және аудан әкімдіктері толық «Ашық әкімдік» форматына көшті. Бұл модель облыстың тағы 11 ірі ауылдық округтерінде жүзеге асуда. Жұмыстың жаңа форматы тұрғындарға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік органдардан қызметтерді және түсіндірме жұмыстарын жедел және кедергісіз алуға мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына қоғамдық бақылаудың күшейгенін атап өтті. Мәселен, «Ашық бюджеттер» порталында бюджеттік бағдарламалардың жобалары бекітілгенге дейін көпшіліктің талқылауына жарияланады. Сол арқылы тұрғындар бюджет қаражатын жұмсау процесіне өзгерістер енгізуге мүмкіндік алады.

– Жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында азаматтық бюджет баршаға қолжетімді формада жариялануда. Аудандар мен ауылдық округтерде жергілікті тұрғындардың қатысуымен бюджет қаражатын тиімді жұмсау жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыс қазіргі таңда Өскемен, Семей және Курчатов қалаларында да қолға алынып жатыр, - деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар, облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының басшысы атап өткендей, ШҚО бойынша «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» платформасында 1 трлн теңгеге 4762 бюджет жарияланған. Бұл Қазақстан бойынша ең үздік көрсеткіш болып табылады. Даниал Ахметов «Шығыс - адалдық алаңы» жобалық офисіне осы порталда деректердің дұрыс және уақтылы орналастырылуын қатаң қадағалауды тапсырды.

Кеңес барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті реттейтін жаңа заң да талқыланды. Атап өту керек, бұдан былай мемлекеттік қызметкерлерге, депутаттар мен судьяларға шетел банктерінде шоттар ашуға және қаражат сақтауға тыйым салынған. Сондай-ақ, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған азаматтар мерзімінен бұрын шартты түрде босатылмайды.