ШҚО-да «сиг» тұқымдас балықтарды аулауға тыйым салынды

Фото: Pexels

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында «сиг» тұқымдас балық түрлерін аулауға уақытша шектеу енгізілді. Бұл тыйым олардың уылдырық шашу кезеңінің басталуына байланысты қабылданып отыр.

Шектеу 10 желтоқсанға дейін күшінде болады. Зайсан-Ертіс аймақаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, тыйым Бұқтырма және Өскемен су қоймаларында, Ертіс өзенінің Өскемен СЭС-інен Шүлбі су қоймасына дейінгі және одан әрі Павлодар облысының шекарасына дейінгі бөлігінде, Қаныш Сәтбаев атындағы арнадағы №1 гидроузлінің су қоймасында қолданылады.

- Дәл осы уақытта «сиг» тұқымдас балықтар - сиг, пелядь және рипус түрлері көбейеді. Сол себепті балық аулау ережелерінің сақталуына бақылау күшейтіліп, су айдындарында полиция және табиғат қорғау органдарының қатысуымен бірлескен рейдтер жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады инспекциядан.

Айта кетейік, тыйым салынған кезеңде заңсыз балық аулағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Еске салсақ, осыған дейін Қызылордада жалған құжатпен балық экспорттағандар 2 жылға сотталғаны хабарланған.