ШҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, 2025 жылы қоңыр аюлардың елді мекендер маңында жүруіне байланысты 39 өтініш түскен. Ал 2026 жылдың басынан бері мұндай хабарламалар саны 47-ге дейін артып отыр.
— Аюларды көргені туралы хабарламалар көбіне Риддер қаласы мен Алтай ауданынан түседі. Мәселен, Риддерде өткен жылы осындай 23 жағдай тіркелсе, биыл 22 жағдай болған. Ал Алтай ауданында керісінше, көрсеткіш 11-ден 20-ға дейін өскен, — делінген ақпаратта.
2026 жылдың басынан бері облыстық табиғи ресурстар басқармасына қарасты орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағына жабайы жануарлардың, соның ішінде аюлардың елді мекендер маңында жүргені туралы барлығы 78 өтініш келіп түскен.
Статистикалық мәліметтер аймақтағы қоңыр аюлар санының соңғы жылдары өсіп келе жатқанын көрсетеді. Атап айтқанда, 2023 жылы олардың саны — 3 260, 2024 жылы — 3 113, 2025 жылы — 3 296 болған. Ал 2026 жылғы есеп нәтижесінде 3 787 аю тіркелді.
Еске салсақ, осыған дейін Көлсайда Қызыл кітаптағы сирек аю камераға түсіп қалғаны хабарланған.