ШҚО-да сот отандық дәрі-дәрмек өндірушілерді қорғады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысындағы Кәсіпкерлер палатасына «Келун-Казфарм» ЖШС және «Асфарм» ЖШС өкілдері өздерінің құқықтарын қорғауды талап етіп келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі аймақтық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.

Олардың Өскемендегі «Ана мен Бала орталығы» және облыстық аурухана және Риддер қалалық ауруханасы ұйымдастырған мемлекеттік сатып алу жұмыстарымен келіспейтіндіктері анықталды.

«Жағдайды зерттей келе біз дәрі-дәрмек сатып алу жұмыстарындағы талаптардың бұзылғаныдығын анықтадық», дейді сарапшы Исатай Қайырғазы.

Медициналық мекемелердің өкілдері сатып алудың ережелерге сәйкес жүргізілгенін дәлелдеуге тырысқанымен, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот «Келун-Казфарм» ЖШС және «Асфарм» ЖШС мүдделерін қорғайтын сарапшының дәлелдерін ескерді.

Денсаулық сақтау мекемелері іс жүзінде сатып алуды отандық тауар өндірушілерді қолдау және кәсіпкерлік бастаманы қолдау сияқты қағидаттарға сәйкес жүзеге асыру керек деген ережелерді бұзғаны анықталды.

Нәтижесінде, дәлелдемелік негіздерді зерделей отырып , сот талаптарды қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Сатып алудың нәтижелері жарамсыз деп танылды. Сонымен қатар келісім-шарт бұзылатын болды.

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.