ШҚО-да сот процесін онлайн режімде өткізу енгізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілер бұдан былай сот мәжілістеріне қашықтықтан онлайн режімде қатыстыра алады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы ШҚО прокуроратурасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Облыстық прокуратура Өскемен қаласының №2 сотымен бірлесе отырып, жылына 14 миллион теңге кететін шығынды үнемдеп, сот процесіне қатысты жаңа жұмыс тәртібін іске қоспақ. Бұрын жазасын өтеушілерді сот мәжілісіне қатыстыру үшін түзеу мекемесінен сот ғимаратына жолдау қажеттігі туындайтын. Тасымалдау, күзету, тамақтандыруды есептегенде бұған біршама қаражат кететіні белгілі. Тіпті қаражат шығыны сотталғандарды облыс орталығындағы түзеу мекемелеріне апару кезінде де жұмсалатын. 

«Сотталғандар қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес жаза өтеу барысында мерзімінен бұрын шартты түрде босату, өтелмеген жаза бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру және тағы басқа мазмұндағы қолдаухаттарды сотқа жолдауға құқылы. Осы істердің қаралуын барынша жеңілдету мақсатында ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап Өскемен қаласының №2 соты мұндай өтініштерді бейнеконференция байланысы арқылы қарауда. Тек бір аптаның ішінде осындай тәсілмен 35 сот мәжілісі өткізілді. Сотталғандар мен олардың қорғаушылары, түзеу мекемесінің өкілдері сот процесіне бейнекөрілім арқылы қатысады», - деп хабарлайды қадағалау органы.

Облыстық прокуратура жаңадан енгізілген жұмыс тәртібі келешекте сот процесін жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттік бюджеттің қаражатын едәуір үнемдейтініне сенімді. Мұндай тәжірибе келешекте Жарма, Шемонаиха аудандарында және Семей қаласында да қолға алынбақ.