ШҚО-да сотталғандар жасаған өнімдердің көрмесі өтті

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында сотталғандар жасаған өнімдердің көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көрмеде сотталғандардың металл және ағаштан жасаған өнімдері қойылды. Сондай-ақ жиһаздар, оның ішінде мектептерге, кеңселерге арналған үстел-орындықтар да келушілердің назарына ұсынылған.

Түрме цехтары металды және ағашты өндеу, кесу үшін фрезерлік, лазерлік қондырғылармен жабдықталған. Бұл тапсырыс берушінің кез келген сұранысын қанағаттандырып, сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Барлық өнімдер таза экологиялық шикізаттан жасалып, мемлекеттік сапа стандарттарына сәйкес келеді.

«Бүгінде мекеменің өндірістік қабілеті айтарлықтай жоғары деңгейде. Серіктестерге бос өндіріс орындарын, оларға дайын инфрақұрылымы бар алаңдарды ұсынуға дайынбыз. Бізде жазасын өтеп жатқан азаматтардың еңбек етуге деген ықыласы ерекше. Осындай көрмелер өнімге деген сұранысты арттыра түседі деген сенімдеміз», - дейді ОВ 156/6 мекемесінің бастығы Қуаныш Ағысбаев.

Айта кетейік, бүгінгі танда қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінде сотталғандардың 70%-ға жуығы жұмыспен қамтылған.