ШҚО-да сотталғандарды еңбекпен қамту деңгейі 77%-ға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы түзеу мекемелерінде еңбекке қабілетті 2 мыңға жуық сотталғанның 1 475-і жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды ШҚО прокуратурасы.

Фото: Qarmet

Биыл прокуратураның үйлестіруімен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне 9 жаңа кәсіпкер тартылған. Олар өндірістік учаскелер ашып, сотталғандар үшін қосымша жұмыс орындарын ұйымдастырды.

Нәтижесінде сегіз айдың қорытындысы бойынша сотталғандарды еңбекпен қамту деңгейі 77%-ға жетіп, 19 пайыздық тармаққа артқан.

– Сотталғандар құрылыс материалдарын, жиһаз, ағаш бұйымдары мен металл конструкцияларын өндіруге тартылған. Өнім өткізу нарығын кеңейту мақсатында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өндірілген өнім облыс орталығындағы құрылыс дүкендері арқылы бөлшек және көтерме саудада сатылып жатыр, – делінген прокуратура хабарламасында.

Сонымен қатар №16 және №17 мекемелерде жылытылатын ангарлардың құрылысы аяқталып, олар Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің теңгеріміне берілді.

Прокуратура сотталғандарды еңбекпен қамту деңгейін одан әрі арттыру жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Степногорда сотталғандардың рұқсатсыз жүруіне жол бермейтін жүйе іске қосылды.