ШҚО-да спорт ардагерлері өзара сайысқа түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскеменде Спорт күні аясында О. Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежі мен Жекпе-жек сарайында спорт ардагерлері арасында шағын жарыс ұйымдастырылды.

ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ардагерлер жарыс бағдарламасына сәйкес үстел теннисі, спорттық жүгіріс пен дойбыдан өзара сайысқа түсті.

Мерекелік шара салауатты өмір салтын қалыптастыру және халық арасындағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

Үстел теннисінен өткен жарысқа 8 ардагер қатысты. 56 жастан жоғары жас мөлшерінде қатысқан қатысушылардың ішінен үздік танылғандар қатары да белгілі болды. Олар: І орын - Н. Курицын, ІІ орын - Ю. Даныляк, ІІІ орын - М. Кәңкетаев.

Сонымен қатар, спорттық жүрістен өткен жарысқа қатысқан спорт ардагерлері облыстық жеңіл атлетика федерациясының грамоталары мен мақтау қағаздарына және де логотипі бар естелік сыйлықтарға ие болды.

Айта кету керек, әйелдер спорттық жүрістен 200 метр қашықтыққа жарысқа түссе, ерлер 400 метр қашықтыққа бақ сынасты. Мерекелік шаралар оның қатысушылары мен көрермендеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.