ШҚО-да сіріңкемен ойнаған балалардың кесірінен ауыл тұрғынының 30 тонна шөбі жанып кетті
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында екі күн қатарынан пішен жанды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Фото: ШҚО ТЖД
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бірінші оқиға 7 қазанда Жарсу ауылында болған. Жер үйдің ауласында 30 тонна пішен отқа оранды.
«Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер бірден жалынмен күресті. Cол жерге құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінен 15 адам мен трактор тартылған. Алдын ала дерек бойынша өрттің шығуына балалардың сіріңкемен ойнауы себеп болды», - делінген ақпаратта.
Фото: ШҚО ТЖД
Келесі күні Қарабұлақ ауылдық округінде ашық аумақта 85 тонна пішен өртенді. Өрттің шығу себебі – отты абайсыз пайдалану.
Тілсіз жаумен күреске өрт сөндірушілер, жергілікті тұрғындар, «Тарбағатай Мұнай» кәсіпорнының жұмысшылары мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінен 16 адам мен 7 техника жұмылдырылған.
Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына жем-шөпті сақтаған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзбай, барынша абай болу қажеттігін ескертеді.
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.