Бүгін облыстық Ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында ШҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Алексей Штыкель өңірде су тасқынының алдын алу үшін қандай шаралар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Қазіргі уақытта аймақта қар еріп жатыр. Қар жамылғысының биіктігі 1 см-ден (Өскемен, Аягөз қалалары) 137 см-ге дейін (Күршім ауданы Марқакөл қорығы) жетеді.
Жалпы гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзендер мен су айдындарында мұздың ашылуы байқалады.
Өткен айда Ертіс, Үбе, Бұқтырма, Күршім өзендерінің учаскелерінде 15 рет мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде жалпы ауданы 160 мың шаршы метрден астам мұз ұсақталды.
Су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізу мақсатында 2 рет аэровизуалды бақылау жүргізілген.
Көшелерде, үй маңындағы аумақтарда қарғын суды сору үшін жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық қызметтері мен ТЖД мамандары бірлесіп жұмыс істеуде.
«Облыс бойынша 31824 текше метр су сорылды. Бұл үшін 121 техника, 96 мотопомпа және жеке құрамнан 422 адам жұмылдырылған. Бүгінгі таңда облыста тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелген жоқ. Қар жиналуына және мұз жағдайына мониторинг жалғасып жатыр», - деді Алексей Штыкель.