ШҚО-да суарудың озық әдістері енгізілмек
11:24, 14 Қазан 2013
АСТАНА. 14Қазан. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында «Жаңбыр» агроөнеркәсіптік алаңы суландыру кешені құрылысының жобасы қолға алынбақ. ҚР-ның Экономикалық даму және сауда министрлігі бұл жобаны «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен қаржыландыру шараларын қарастырып жатыр, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Бұл жобада Семияр ауылдық округінің аумағындағы 4041 гектар суармалы алқапты игеру, ұзындығы 59,7 шақырым суару жүйелерін қайта жаңалау, негізгі сорғы стансасын қалпына келтіру және инфрақұрылым нысандарының қосымша құрылысын салу жоспарланған. Жобаның жалпы құны - 1 млрд. 805 млн. 222 мың теңге.
Жаңа жоба өңірдің серпінді дамуына жол ашады. Тұтастай алғанда өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттыруға, саланы әртараптандыруға, суармалы жерлерді айналымға енгізуге бағытталған. Сондай-ақ, суарудың озық әдістерін енгізу жолымен жердің мелиоративтік жағдайын сақтау және жақсарту, халықты жоғары сапалы өнімдермен ұдайы қамтамасыз ету көзделіп отыр.