Бұл туралы ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов мәлім етті.
- Облыс аумағында шомылатын 23 учаске бар. Құтқарушылар жағалайларды аралап, азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мұндағы негізгі мақсат - әкімшілік жауапкершілікке тарту емес, судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және адамдардың өмірін сақтау. Шомылу маусымы басталғалы бері Шығыс Қазақстанда 8 адам суға батты. Барлық қайғылы жағдай шомылуға жабдықталмаған жерлерде болған, - деді ол.
Құтқарушылар азаматтарды тек жабдықталған жағажайларда демалуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, мас күйде суға түспеуге шақырды.
Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан 91 адам ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске салсақ, осыған дейін елімізде суға шомылу маусымы басталғалы су айдындарында 68 адам, оның ішінде 24 бала суға батқаны хабарланған.