ШҚО-да суға батып бара жатқан адамды құтқарған оқушылар марапатталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында Серебрянск қаласында суға батып бара жатқан адамды құтқарып қалған № 4 орта мектептің мұғалімі мен оқушылары марапатқа ие болды.

Фото: ШҚО ТЖД

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға маусым айының ортасында Бұқтырма кентіндегі демалыс орындарының бірінде болған. 

— Шомылып жүрген жігіт кенет суға бата бастады. Бұны Серебрянск қаласының № 4 орта мектебінің оқушылары байқап қалған. Олар абдырап қалмай, ересектермен бірге дереу көмекке жүгірді. Құтқаруда мұғалім Берік Тұрқанов ерекше рөл атқарды. Су көлігін пайдаланған ол жәбірленушіні жағаға жедел жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті, — делінген ақпаратта.

Ержүректік пен белсенді азаматтық ұстаным танытқан мұғалім мен оқушылар Нұртілек Жамиев, Сабыр Берік департамент басшылығының Алғыс хаттарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да полицейлер жолда денсаулығы нашарлап, инсульт алған азаматты құтқарғаны хабарланған.