ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде суға шомылу маусымы таяп қалғандықтан халық көп демалатын жағажайларда тексеру жүргізіліп жатыр.
«Санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг аясында рекреациялық аймақтардағы су қоймалары мен топырақтан алынған су сынамаларына зертханалық зерттеулер жүргізілуде. Жоспар бойынша Өскемен қаласындағы екі демалыс орны қамтылады. Атап айтқанда, Карбышев көшесінің бойындағы «Самал» саябағының жағажайы және Меновное ауылының жанындағы «Көгілдір көл» жағажайы. Тексерулер 1 маусым күні толықтай аяқталады деп көзделуде», - дейді департамент басшысының орынбасары Ғалымбек Алин.
Соның аясында шомылуға арналған су қоймаларындағы судың қауіпсіздігі анықталмақ. Егер қандай да кемшіліктер байқалса, тиісті шаралар қабылданады.
Осыған дейін ШҚО-да биыл шомылуға болатын 14 учаске белгіленгені жайлы хабарлаған едік.