ӨСКЕМЕН.KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында жоғары өрт қауіпі тіркелді. «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының мәліметінше, 26 тамыздан бастап облыстың солтүстігінде, оңтүстік-шығысында, орталығында жоғары өрт қаупі тіркелген. Сондықтан әзірге орманға баруға тыйым салынған.
— Ауа райының ыстық әрі құрғақ болуына байланысты орман алқаптарында өрт шығу қаупі жоғары. Осыған байланысты мемлекеттік орман қоры аумағында адамдардың жүруіне рұқсат етілмеген. Табиғат аясында және үй жанындағы жерлерде от жағуға болмайды. Егер өртті байқасаңыз, дереу «112» нөміріне қоңырау шалыңыз, — деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, шілде айында Катонқарағай өрт қаупіне байланысты туристер үшін уақытша жабылғаны хабарланған.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.