ШҚО-да тағы бір өзен арнасынан тасып, аулаларды су басты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Тарбағатай ауданындағы Базар өзені тасып жатыр. Төтенше жағдай қызметкерлер тасыған суды Көктүбек елді мекеніндегі үйлерге жеткізбеу үшін күресіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қатты еріген қар Тарбағатай ауданындағы  Базар өзенін арнасынан асырды. Жергілікті әкімдік пен төтенше жағдай қызметінің өкілдері инертті материалдар мен құмқап төсеп, судың алдын тосуда. Аталған өзен Омбы-Майқапшағай жолын бес рет кесіп өтеді. Арнадан асқан су Сәтпаев ауылдық округіне қарасты Көктүбек елді мекеніне жайылған.

«Барлық күш үйлерді қорғауға бағытталуда. Соның өзінде 4 аулаға су кірген. Оқиға орнында 35 адам, 5 техника жұмыс істеп жүр» - деді облыстық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.

Шемонаиха ауданында Верх-Уба ауылында да төрт үйдің ауласына су кірген. Мұнда да тиісті қызмет өкілдері тұрғындарға көмекке келген.