«Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан облысы бойынша тамыз айының ауа райы болжамын жариялады.
Синоптиктердің мәліметінше, жаздың соңғы айында өңірде ауа температурасы құбылып, жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан көп болады деп күтіледі. Ай бойы жаңбыр мен найзағай жиі қайталанып, тамыздың соңына қарай бұршақ жаууы ықтимал.
Бірінші онкүндікте түнгі ауа температурасы 14... 19 градустан 4... 9 градусқа дейін, ал күндізгі температура 26... 31 градустан 16... 21 градусқа дейін төмендейді деп болжанып отыр.
10–20 тамыз аралығында түнгі ауа температурасы 4... 9 градустан 13... 18 градусқа дейін, күндіз 16... 21 градустан 25... 30 градусқа дейін құбылады. Онкүндіктің соңына қарай күн қайта жылынуы ықтимал.
Үшінші онкүндікте алдымен ауа температурасы біршама жоғарылап, түнде 15... 20 градусқа, күндіз 27... 32 градусқа дейін жетеді. Кейін қайтадан құбылып, түнде 5... 10 градустан 13... 18 градусқа дейін, күндіз 17... 22 градустан 25... 30 градусқа дейін өзгереді.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда жылыту маусымы аяқталса да, ауа сапасы неге жақсармай тұрғандығы жайлы жазғанбыз.