ШҚО-да танысын өлтірген жігіт 7 жылға сотталды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат -Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өзінің танысын өлтірген 18 жастағы жігітті 7 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айыпталушы Өскемендегі университеттің 2-курс студенті. Ол Катонқарағай ауданына ата-анасына 4 күн демалысқа келген.

Іс материалдарына сәйкес, Катонқарағай ауданының бір топ жастары аудан маңында бас қосып, араларындағы бірінің туған күнін атап өтпек болады. Біраз уақыттан соң бұл жерге тағы екі азамат келіп қосылады. Әлгі жерге келген бетте Ә.Шуйбеков А.Ермекбаевқа «ішімдік алып бер» деп талап қойып, себепсіз тиісе бастайды. Екеуінің арасында төбелес болады.

Ызаға булыққан А.Ермекбаев қарсыласын қасақана өлтіруге шешім қабылдайды. Осылайша, ол автокөліктің артқы орындығының қалтасында тұрған бүктемелі бәкіні алып, қарсыласының кеуде тұсына сұғып алады. Алған дене жарақаттары әсерінен жәбірленуші жедел жәрдем келмей, көп қан кетуіне байланысты оқиға орнында қайтыс болған.

«Сот шешімімен айыпталушы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен қарастырылған қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қайтыс болған азаматтың ата-анасына 613 550 теңге материалдық залал және 3 млн теңге моральдық зиянның өтемақысын төлеу жөнінде шешім шығарылды»,-делінген Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты берген ақпаратта.