ШҚО-да тәртіпсіздікке қатысушылар есірткі мен алкоголь қабылдаған - полиция

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар есірткі мен алкоголь қабылдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Өңірде жаппай бүлікке қатысқандардың жалпы саны 3 мыңнан кем емес, 500-і қамауға алынды және олардан жауап алынуда. Ал Семейде оқиға салдарынан әкімшілік ғимаратының 5 қабаты бүлінген.

«Ұсталғандар арасында есірткі шеккен және мас адамдар бар. Сараптамалар тағайындалды. Олардың қорытындысы бойынша заңсыз іс-әрекеттерге процессуалдық баға беріледі. Бұзақылардың қолынан 25 қызметкер зардап шекті. Пышақ жарақатын алғандар да бар. Кейбіреулері ауруханаға жатқызылды. Өзгесі дене жарақатына қарамастан, төтенше жағдай режимі кезеңінде қызметін жалғастырып жатыр», - деді ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Татьяна Карпова.