ШҚО-да тасымалдаушы компанияларға 900 млн теңге субсидия төленбей қалған

Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік маңызы бар автобус маршруттарында тасымалдау бойынша 900 млн теңге субсидия төлемеу фактісі анықталды, деп хабарлайды Кazinform.

Фото: Kazinform

Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі әлеуметтік маңызы бар автобус маршруттарын жүзеге асыратын тасымалдаушыларға субсидия төлемеген.

Ал тасымалдаушылардың шығынын субсидиялауға арналған шартқа сәйкес, оларға 900 млн теңгеден астам қаражат төленуі тиіс еді.

«Тасымалдаудың көрсетілген түріне барлығы 8 компаниямен шарт жасалған. Аталған факті бойынша Өскемен қаласының прокуратурасы заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіп, нәтижесінде тасымалдаушыларға 700 млн теңгеден астам субсидия төленді. Қалған қарыз сомасын өтеу жалғасуда және қала прокуратурасының бақылауында», - деп хабарлады ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, өңірде кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топтар жұмыс істейді.

Бизнес өкілдері мен азаматтар құқықтық кеңес алу үшін және қандай да бір туындаған мәселелер бойынша осы мобильді топтарға хабарласа алады.

Байланыс нөмірі: 8-705-418-05-21.