ШҚО-да тасқынның екінші толқыны басталды
Құтқарушылар негізгі күшті облыс орталығына бағыттап отыр. Өйткені, Өскеменде кешеден бері қар суы елдің мазасын алуда. Әуелі Шмелев лог елді мекенінен аққан су Красин кентіне жайылып, аулаларға қауіп төндірген болатын. Төтенше жағдай мамандары жол жиегіне құмқап төсеп, аулаларға кірген судың жолын бөгеген болатын. Ал бүгін Ахмер ауылының Игілік көшесінде бірнеше үйдің ауласына кірген қар суы тұрғындардың сыртпен байланысын қиындатты. Тұрғындардың кейбірін құтқарушылар үйіне арнайы техникамен жеткізген. Қаланың өзге аудандарында да осыған ұқсас жағдай байқалуда. Сібір, Малдыбаев және Ярославская көшелеріне жайылған суды сорғытуға ондаған техника жұмылдырылды. Шығыс өңірлік аэроұтқыр апаттық құтқару жасағының мамандары Сібір көшесінен 2 адамды «Үлбі» әлеуметтік орталығына жеткізген.
Семейде де 9 көшені су алып, оның 8-інде қазір жағдай тұрақтанды. Ал Бегалин және Дәстенов көшелерінің қиылысында қарғын судың беті қайтпай тұр. Глубокое ауданында 5 үйге су кірген. Қазір аталмыш үй тұрғындары туыстарының үйін паналауда.