ШҚО-да тасжолда аударылып түскен көлік жүргізушісі көз жұмды

  Шығыс Қазақстан облысында тасжолда көлік аударылып, 1 адам көз жұмды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Жол-көлік оқиғасы 12 қараша күні сағат 16.00 шамасында облыстық маңызы бар «Өскемен-Винное ауылы» тасжолында болған.

«Аталған тасжолдың Глубокое ауданындағы 9-шақырымында келе жатқан «Subaru outback» маркалы автокөлік жүргізушісі рульге ие бола алмай қалды. Соның салдарынан көлік аударылып түсіп, ер адам сол жерде мерт болды», - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабы 3-бөлігіне (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Қазіргі уақытта бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалған. Соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.