ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында тасжолда келе жатқан көлік тоғанға құлап кетіп, бір адам көз жұмды.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы республикалық маңызы бар «Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахман қайнарлары» тасжолының 93-ші шақырымында болған.
«Тасжолда келе жатқан көлік тоғанға құлап кеткен. Соның салдарынан жолаушы оқиға орнында көз жұмды», — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алған жүргізуші ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында.
Полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.