ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы тасжолдардың бірінде көлік қағып кеткен бұланның төлі хайуанаттар бағына жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО «Семей әуесқой автомобильшілер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің хабарлауынша, бұланның төлі Өмеш асуынан табылған. Ол тасжолдың бойында жүгіріп жүріпті.
Анықталғандай, оның анасын көлік қағып кеткен екен. Түз тағысы қазіргі уақытта сол жағалаудағы хайуанаттар бағына жеткізілген.
«Жабайы аңды хайуанаттар бағына кіргізу үшін бірқатар қиындық болғаны рас. Бірақ ең бастысы қазір ол аман-есен, ал қалғаны осындағы қызметкерлерге байланысты. Бұланның төлін табылған жеріне байланысты Өмеш деп атауды жөн көрдік», - дейді қоғамдық бірлестік мүшелері.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.