ШҚО-да тауда жарылыс жасалып, 40 мың текше метр қар түсірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында тауда жарылыс жасалып, 40500 текше метр қар түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО nөтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін «Өскемен-Таулы Үлбі-Северное» тасжолының учаскесінде жасанды жолмен қар көшкіні түсірілді.

Тауда жасалған жарылыстан барлығы 40 500 текше метр қар түсті.

«Облыс бойынша барлығы 325 учаскеде қар көшкіні жүру қаупі бар. Олар 71 нысанға, оның ішінде 44 тұрғын үйге және 93 шақырым көлік жолына қауіп төндіреді. Көшкін басып қалу қаупі артқан учаскелерді анықтау үшін біздің бақылаушылар тұрақты түрде мониторинг жүргізуде», - дейді «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев.

Айта кетейік, қыс басталғалы бері өңір бойынша жасанды жолмен барлығы 80000 текше метр қар түсірілген.

Фото: gov.kz