ШҚО-да тауға жидек теруге шығып, жоғалып кеткен қария табылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында Алтай тауларында жоғалып кеткен ер адам табылды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.
23 шілде күні Средигорное ауылының тұрғыны атпен жидек теруге шығып, үйіне оралмаған. Туыстары өз бетімен іздеу жүргізгенімен, нәтиже байқалмады. Ер адамның жанында ұялы телефоны болмаған.
Бүгін Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары мен полиция қызметкерлері бірлесіп жүргізген іздестіру жұмыстары барысында 1939 жылы туған азамат Парамоновка ауылынан 10 шақырым қашықтықта, таулы-орманды аумақта табылды.
Медициналық көмек қажет болмағаны хабарланды.
ТЖМ азаматтарға орманға шығар алдында туыстарына бағыттары туралы хабарлап, байланыс және навигациялық құрылғылармен қатар ауызсу қорын алуды ескертеді.
Айта кетейік, ШҚО-да қайықтан құлап кеткен адамның денесі табылды.