Зайсан ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта Айнабұлақ ауылының маңында тесіліп қалған газ құбыры жөнделді.
«Оқиға орнына аудан әкімі Аэлита Ахметсәләмқызы барып, жедел қызметтер «ҚазТрансГазАймақ» АҚ аудандық филиалының мамандары құбырды қалпына келтірді. Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал, Үлкен Қаратал ауылдарына қайта газ беріле бастады», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, 30 қазан күні кешкі уақытта Зайсан ауданындағы Айнабұлақ ауылының маңында газ құбыры тесілген болатын.
Соның салдарынан 5 ауылдағы 860-тан астам абонент көгілдір отынсыз қалған еді.