ШҚО-да «трамадол» сынды препараттарды заңсыз сатқан 4 дәріхана анықталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында «трамадол» сынды препараттарды заңсыз сатқан 4 дәріхана анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полицияға хабарласқан шаһар тұрғындары нашақорлардың өздеріне қажетті препараттарды дәріханадан еш кедергісіз алып жатқанына шағымданды. Соған орай тәртіп сақшылары дәріханаларға рейд жүргізді.

«Анықталғандай, төрт дәріхана «трамадол» мен «тропикамид» препараттарын рецептсіз сатқаны анықталды. Есірткіге тәуелді адамдар әсерді күшейту үшін ацетилденген көкнәрді осы дәрілер арқылы қолданады», - делінген ақпаратта.

Полицейлер кінәлі азаматтарды ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы (фармацевтикалық қызмет және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы ережелерді бұзу) бойынша әкімшілік жауапқа тартты.