«Біз ауыл шаруашылығына арналған машина құрастыру ісін дамытуға тиіспіз. ҮМЗ зауытының базасында әлемдік үлгідегі тұқым себу кешенін құрастырып жатырмыз. Ол кешен сапасы жағынан америкалық, алманиялық баламаларымен бәсекелесе алады. Қазіргі таңда жаңа техниканың құжаттарын реттеп жатырмыз. Қажетті қағаздардың 50 пайызы дайын», - дейді Даниал Ахметов.
Отандық техника John Deere, CLAAS, Horsch сияқты әлемдік брендтердің ең озық деген қырларын бойына жинақтауы тиіс. Мамандардың дерегінше, өңірдегі тұқым себу кешендерінің 40 пайыздан астамын John Deere моделінің өнімдері құрайды. Отандық техника облыстың қажеттілігін толықтай қамтамасыз еткеннен кейін еліміздің басқа да өңірлеріне таратылмақ.
Сонымен қатар,облыста майлы дақыл тұқымдарын химиялық өңдеу тәсілі жолға қойыла бастады. Бүгінде осы тәсілмен өңделіп, егілетін үш түрлі күнбағыс гибриді мемлекеттік сынақтан өтіп жатыр. Оның екеуі биылғы егіс науқанында егілмек. Енді осы тәсілмен өңделетін соя, рапс және зығырдың жаңа сұрыптарын алу жоспарланып отыр.