Сот материалдарына сай шілденің ортасында түн жарымында шекара заставасында сержант пен келісімшарт бойынша қызмет етуші екеуі гаражда арақ ішкен. Отырысты жалғастыру үшін сержант қызметтік көлікке отырып, екеуі застава аумағынан үш шақырымдай жерге барып, қалған ішімдікті бітірген.
Ақыры, ішімдіктің буымен екеуі сол жерде ұйықтап қалады. Сол күні шамамен сағат екі жарымда застава командирі екеуінің тиісті орнында жоқтығын анықтап, іздестіру шараларын ұйымдастырған. Қызметтік көліктің ішінде мас күйінде ұйықтап жатқан екеуі таңға жуық табылған.
Сот үкімімен айыбын мойындаған 37 жастағы сержант-техник ҚР Қылмыстық Кодексінің 466-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстық теріс қылықты жасаған үшін кінәлі деп танылып, 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Сонымен бірге, оған 25 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындалды. Шекарашының екіншісіне қандай жаза тағайындалғаны сот материалында жазылмайды.
18:20, 11 Тамыз 2017
ШҚО-да түнде жоғалып кеткен екі шекарашы заставадан тыс жерде мас күйінде табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен гарнизоны әскери соты кезекшілікте бола түн ішінде жоғалып кетіп, заставадан үш шақырым жерде мас күйінде ұйықтап жатқан сержантқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.