ШҚО-да Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде салымы бар 1000-нан астам отбасы баспаналы болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ШҚО филиалы директорының орынбасары Рауан Баяштың хабарлауынша, ағымдағы жылы тұрғын үй құрылыс бағдарламалары аясында Шығыс Қазақстанда жекеменшік пәтеріне 1 142 салымшы қол жеткізе алады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ШҚО ақпараттық орталығына сілтеме жасап.

- «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамыту бағдарламасы бойынша 559 адам, ал, тұрғын үй құрылысының «Жайлы тұрғын үй» өңірлік бағдарламасы бойынша 450 салымшы, банктің «Өз үйім» бағдарламасы бойынша 133 өңір тұрғынына өз үйлерінің кілті табысталатын болады, - дейді Рауан Баяш .

Филиал директорының айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасының тұрғын үйге қолжетімді бағадан басқа басты ерекшелігі - жылдық 5 % көлеміндегі несие бойынша жеңілдігі бар сыйақы мөлшерлемесі болып табылады (ЖТСМ 5,6%). Бірақ, тұрғын үй бағасының 30% көлеміндегі сомасын жинақтау немесе депозитке салу сияқты міндетті талаптар да бар. Мемлекеттік бағдарлама талабына келмейтін салымшылар үшін Шығыс-Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысының «Жайлы тұрғын үй» өңірлік бағдарламасы  әрекет етеді. Оның басты ерекшелігі - салымшының жекеменшік тұрғын үйі болуына шектеу қойылмайды.

- Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өңірлерде «Өз үйім» бағдарламасының жекеменшік бағдарламасын да іске асыра бастады. Өз уақытында оны тұрғын үй құрылысын ынталандыру үшін, тұрғын үйді одан сайын қолжетімдірек етуге, халықтың қалың жігінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндігін арттыруға көмектесетін банк әзірлеген болатын. Бағдарламада, сондай-ақ, меншігінде үйдің болуы немесе болмауына шектеу жоқ. Бағдарламаның қосымша ерекшелігі тұрғын үй бағасының 30%-ы депозитінде жинақталған кезде заем алу мүмкін болып табылады, - деп түсіндірді облыстық филиал директорының орынбасары.

Қазіргі кезде «Өз үйім» бағдарламасы бойынша 2018 жылы іске асыру жоспарланып отырған жобалар да бар. Ол бойынша 876 пәтер банк салымшыларының арасында  арнайы баға және кредит беру талаптары бойынша бөлінеді. Сондай-ақ, Рауан Баяш Тұрғын үй бағасының 50%-ын жинақтаған немесе өз депозитіне енгізген банктің салымшылары тұрғын үй бағдарламаларына қатыспай-ақ орта нарықтағы тұрғын үй мүлігін сатып ала алатындығын айтып өтті.