ШҚО-да тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайын арттырылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында салынып жатқан тұрғын үйлер саны едәуір арттырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды.

«Шығыс Қазақстанда тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасын жүзеге асыратын 12 құрылыс компаниясының өкілдерімен кездестім. Биылдан бастап өңірде салынып жатқан үйлердің санын едәуір арттыруға, көрсеткішті 26 миллион шаршы метрге дейін жеткізуге және оны жыл сайын көбейтуге бел будық. Сондықтан жеке инвестицияларды тарту үшін коммерциялық тұрғын үй салу тетігі әзірленді. Мемлекет есебінен барлық қажетті коммуникациялар жүргізілетін болады», - деді ол.

Алғашқы 12 компания жұмыс істеуге дайын екендерін білдіріп, жиында өз жобаларын ұсынған. Мысалы, «Дейнека» ЖШС Өскеменде аумағы 23,7 мың шаршы метрді құрайтын 243 пәтер салса, «Фирма Азия» ЖШС Семейде үш көпқабатты үйдің құрылысын бастайды.

«Инвесторлар құрылыс алаңдарымен және серіктестік шарттарымен танысты. 10 күннен кейін барлық қажетті құжаттарға қол қойылады. Бұл қадам бізге әдетте бас мердігерлермен болатын келеңсіздіктерді түбегейлі жоюға мүмкіндік береді. Яғни, енді құрылыс алаңын таңдаудан бастап аумақты түпкілікті абаттандыруға дейінгі жұмыс толық бір компания міндетіне кіреді. Келесі аптада «Ертіс« әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірге «Бірқабатты Шығыс« бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй құрылысымен айналысатын компания өкілдерімен кездесемін», - деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, бұл бағдарлама аясында әр шаршы метр құны реттелетін болады. Мәселен, Семейдегі бірқабатты үйдің шаршы метрі 140 мың теңге болса, Өскеменде 160 мың теңгені құрайды. Қажет болған жағдайда, құрылыс компанияларына үйлердің бұған дейін әзірленген жобалары ұсынылмақ.

«Бүгінгі таңда өңір тұрғындарының депозиттерінде 460 миллиард теңге жатыр. Бұл олардың баспана сатып алу қабілетінің өте жоғары екенін білдіреді. Ал құрылыстың жаңа тетігін қолданатын алғашқы инвесторлар ең тиімді шарттарға ие болады», - деді облыс әкімі.